Бронхипрет логотип

Жаз мезгілінде кондиционер үйде, кеңседе және көлікте күнделікті қолданылатын құрылғыға айналады. Алайда кейбір адамдарда салқын ауамен бірге тамақтың жыбырлауы, жөтелгісі келу немесе шырышты қабықтардың құрғауы сияқты белгілер пайда болады. Осыған байланысты бұл жайсыздыққа шынымен кондиционер себеп болды ма, әлде белгілер суық тиюдің басталуымен қатар келді ме деген сұрақ туындайды.

Кондиционерден кейін қандай жайсыздықтар пайда болуы мүмкін екенін, олардың неліктен туындайтынын және оларды қалай жеңілдетуге болатынын түсіну үшін құрғақ жөтелдің ықтимал себептерін де толығырақ қарастырып көрейік.

Кондиционер неліктен жөтелді қоздыруы мүмкін?

Кондиционер бөлмедегі микроклиматты өзгертеді. Мұндай өзгерістерге аллергиясы бар адамдар, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары немесе бронхтардың жоғары сезімталдығы бар адамдар көбірек бейім болуы мүмкін. Соның салдарынан тыныс алу жолдарында тітіркену мен құрғақтық пайда болып, жөтел туындауы мүмкін.

Құрғақ ауа

Кондиционер жұмыс істеп тұрған кезде бөлмедегі ауа ылғалдылығы біртіндеп төмендейді. Егер ауа тым құрғақ болып кетсе, тыныс алу жолдарының шырышты қабығы ылғалды тез жоғалтып, өзінің қорғаныш қызметін бұрынғыдай тиімді атқара алмайды.

Осының салдарынан:

  • тамақ жыбырлауы;
  • шырышты қабықтың тартылып, құрғағандай сезілуі;
  • қайта-қайта жөтелгіңіз келуі;
  • құрғақ ауа әсерінен жөтел пайда болуы мүмкін.

Осындай жағдай қыста жылыту маусымында да кездеседі. Сондықтан үйдегі құрғақ ауадан болатын жөтелді тек жазға тән мәселе деп қарастыруға болмайды.

Суық ауа ағыны

Егер кондиционерден шығатын ауа ағыны үнемі бетке немесе мойынға бағытталса, шырышты қабық тез салқындайды. Кейбір адамдарда бұл жөтел рефлексіне жауап беретін рецепторлардың тітіркенуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде құрғақ жөтел пайда болады. Әдетте суық ауаның тікелей әсері тоқтағаннан кейін мұндай жөтел де басылады.

Температураның күрт өзгеруі

Тағы бір маңызды фактор — температураның күрт ауысуы. Қатты ыстықтан кейін бірден кондиционері бар, салқындату деңгейі тым жоғары бөлмеге кірген кезде ағзаға жаңа жағдайға бейімделуге уақыт қажет.

Көп жағдайда температураның күрт өзгеруі мен құрғақ ауадан пайда болған жөтел және басқа да белгілер өздігінен басылады, алайда белгілер ұзақ уақыт сақталса немесе адамның жалпы жағдайы нашарласа, дәрігерге қаралған жөн.

Кондиционерден ауырып қалуға бола ма: мифтер мен шындық

Кондиционердің астында біраз отырсаң, міндетті түрде ауырып қаласың деген пікір кең таралған. Алайда шын мәнінде кондиционер мен суық тию арасындағы байланыс соншалықты тікелей емес.

Суық тиюді салқын ауа емес, вирустар тудырады. Дегенмен қатты салқындау тыныс алу жолдарының шырышты қабығының жергілікті қорғаныс қабілетін уақытша төмендетуі мүмкін. Егер адам вируспен бұрыннан байланыста болған болса, аурудың алғашқы белгілері суық ауа ағынының астында ұзақ отырғаннан кейін байқалуы мүмкін.

Сондықтан медициналық тұрғыдан кондиционерден суық тию деп айту толық дұрыс емес, дегенмен көптеген адамдар екеуін жиі байланыстырады. Мұнда бір нәрсені түсіну маңызды, дұрыс жұмыс істейтін, техникалық қызмет көрсетіліп тұратын кондиционердің өзі вирустарды таратпайды және ауруды тікелей қоздырмайды.

Кондиционер мен құрғақ ауадан болатын жөтел 2

Тыныс алу жолдарының тітіркенуін суық тиюден қалай ажыратуға болады?

Егер кондиционерден кейін тамақ жыбырлап, жайсыздық пайда болса, бұл әрдайым инфекция басталды дегенді білдірмейді. Егер белгілердің себебі шырышты қабықтың тітіркенуі болса, олар әдетте суық ауаның әсерінен кейін бірден байқалады. Тамақтың құрғауы, тамақтың жыбырлауы, жұтынған кезде жайсыздық сезімі байқалып, жиі жөтелгіңіз келуі мүмкін. Әдетте жылынып алғаннан кейін, жылы сұйықтық ішкенде немесе кондиционер жұмыс істеп тұрған бөлмеден шыққанда бұл белгілер біртіндеп азаяды.

Ал вирустық инфекция кезінде жағдай басқаша дамиды. Белгілер біртіндеп пайда болады және көбіне әлсіздік, тұмау, дене қызуының көтерілуі, бұлшықеттердің сырқырауы және жалпы жағдайдың нашарлауы сияқты белгілермен қатар жүреді. Сондықтан кондиционерден кейін пайда болған құрғақ жөтелдің өзі суық тигеніңізді білдірмейді. Жағдайды барлық белгілерді бірге бағалай отырып қарастырған дұрыс.

Кондиционерден кейін тамақ жыбырлап, жөтелгіңіз келсе не істеу керек?

Егер жайсыздықтың себебі ауаның тым құрғақ немесе тым суық болуымен байланысты болса, көбіне тітіркендіргіш факторды жою жеткілікті. Көп жағдайда тыныс алу жолдарының шырышты қабығы біртіндеп өздігінен қалпына келеді.

Егер белгілер басылмаса, күшейсе немесе дене қызуы көтерілсе, кондиционерден суық тиіп қалды деп өз бетіңізше ем қабылдауға асықпаңыз. Ең алдымен, бұл шынымен инфекция ма, әлде басқа себеп пе — соны анықтау маңызды, мұндай жағдайда дәрігерге қаралған дұрыс.

Кондиционер жұмыс істейтін бөлмеде жөтелдің пайда болу қаупін қалай азайтуға болады?

Кондиционерден кейін жөтел пайда болмас үшін одан толықтай бас тартудың қажеті жоқ. Әдетте ешқандай шағымыңыз болмаса да, мына қарапайым ережелерді сақтау пайдалы:

  • бөлмедегі ауа ылғалдылығын шамамен 40–60% деңгейінде ұстаңыз;
  • суық ауа ағынының бет пен мойынға тікелей бағытталуына жол бермеңіз;
  • кондиционер температурасын тым төмен деңгейге қоймаңыз;
  • күн бойы жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішіңіз;
  • бөлмені үнемі желдетіп тұрыңыз;
  • кондиционердің сүзгілерін өндірушінің ұсыныстарына сәйкес уақытында тазалаңыз немесе ауыстырыңыз.

Қай кезде дәрігерге қаралу керек?

Егер барлық белгілер өздігінен басылып кетсе, алаңдаудың қажеті жоқ. Алайда кейбір жағдайларда дәрігерге мүмкіндігінше тезірек қаралған жөн:

  • жөтел ұзақ уақыт бойы басылмаса;
  • дене қызуы көтерілсе немесе қатты әлсіздік пайда болса;
  • ентігу немесе ауа жетіспеу сезімі пайда болса;
  • қақырықта қан байқалса;
  • кеуде тұсында қатты ауырсыну болса;
  • микроклиматты өзгертіп, жалпы ұсыныстарды орындағанға қарамастан, белгілер біртіндеп күшейе берсе.

Есте сақтаңыз, кондиционерден болған суық тию деген нақты медициналық ұғым жоқ — сондықтан оған арналған арнайы ем де болмайды. Сондықтан жайсыздықтың нақты себебін анықтап, соған сәйкес ем жүргізу. Ал оның нақты себебін анықтап, дұрыс емді тек маман тағайындай алады.

Lukpanova_Lyazzat
Медициналық маманы растаған
Лукпанова Ляззат

Бионорика КАЗ ЖШС Медициналық менеджері,
Денсаулық сақтау саласындағы маман, Дәрігер

Көбірек мақалалар