Бронхит — бұл бронхтардың қабыну ауруы. Ол көбінесе вирустық, инфекциялық және тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларының асқынуы ретінде дамиды. Сондай-ақ бронхиттің себебі улы заттардың, темекі түтінінің, аммиактың әсерінен де болуы мүмкін. Бронхиттің жедел және созылмалы түрлерін ажыратады.

Бронхит қалай пайда болады

Бронхтар — адамның тыныс алу жүйесінің негізгі бөлігі, олар шеміршекті жартылай сақиналардан тұратын кеңірдектің тармақтары болып табылады. Бронхтардың көптеген ұсақ тармақтары бар: бөліктік, сегменттік және бронхиолдар. Олар бірігіп бронхиалды ағашты құрайды. Бронхтардың ішкі беті кірпікшелі шырышты қабықпен қапталған. Бронхтар өкпеге ауаны жеткізіп, оны ылғалдандырады, жылытады және шаңнан, вирустар мен бактериялардан тазартады.
Бронхит дегеніміз не және ол қалай дамиды? Тітіркендіргіш заттарды иіскегенде немесе вирустар мен бактериялар көп мөлшерде түскен кезде бронхтардың шырышты қабығы қабынып, ісінеді. Нәтижесінде қақырық түзіліп, ол жөтел арқылы сыртқа шығарылады. Бронхит кезіндегі жөтел қандай болады? Әдетте, алдымен құрғақ жөтел пайда болып, кейін ылғалды жөтелге ауысады.
Бронхиттің дамуына көбіне мына инфекциялар әкеледі:

  • тұмау вирусы;
  • ЖРВИ;
  • стафилококк;
  • стрептококк;
  • пневмококк;
  • аденовирус.

Сондай-ақ бронхиттің басқа да себептері болуы мүмкін: темекі түтіні, улы заттар, шаң-тозаң және т.б.

Жедел және созылмалы бронхит

Ересектердегі бронхит белгілері көбіне ЖРВИ симптоматикасына ұқсас болады. Жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі — бұлар бронхтардағы қабыну үдерісінен туындайтын интоксикация белгілері. Бронхиттің негізгі түрлері:
  • жедел;
  • созылмалы.

Жедел бронхит созылмалы бронхитпен салыстырғанда айқын белгілерге ие. Бронхиттің белгілері:

  • мұрынның бітелуі, тұмау;
  • құрғақ, ауырсынумен жүретін жөтел;
  • тамақтағы ауырсыну сезімі;
  • дене қызуының ұзаққа созылуы, қалтырау;
  • бас ауруы;
  • әлсіздік, тез шаршау;
  • бұлшықет ауырсынуы.

Жедел бронхиттің шығу тегі әртүрлі болуы мүмкін, вирустық немесе бактериялық. Бұдан оның жұқпалы-жұқпалы еместігі анықталады. Вирустық бронхит ауа-тамшылы жолмен таралып, жұқпалы болуы мүмкін.
Созылмалы бронхит, белгілері:

  • тез шаршағыштық;
  • көбіне ылғалды жөтел.

Қазіргі заманғы емдеу тәсілдері ауруды бақылауға және асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді. Ол үшін дәстүрлі дәрілермен қатар өсімдік негізіндегі препараттар да қолданылады. Солардың біріне, жөтелді жеңілдетіп, тынысты қалпына келтіруге көмектесетін табиғи сығындылардан жасалған бронхитке қарсы дәрілерді жатқызсақ болады.
Бронхит қанша уақыт емделеді? Жедел түрін 1–2 аптада емдеуге болады, созылмалы түрін емдеу үшін 4 аптадан көп уақыт қажет.

Балалардағы бронхиттің ағымы

Балаларда бронхит белгілері айқынырақ байқалады. Жөтел ұстамалы түрде болып, сырылмен қатар жүруі мүмкін. Көбінесе бірнеше күнге созылатын жоғары қызу байқалады. Бала әлсірейді, мазасызданып, тамақтан бас тартады. Ерекше назарды қызусыз өтетін бронхитке аудару қажет: мұндайда жөтел мен ентігу сақталады, бірақ қызба болмайды, бұл ата-ананы шатастыруы мүмкін, дегенмен ауру емдеуді қажет етеді. Кішкентай балалар үшін обструктивті бронхит өте қауіпті: бронхтар тарылады, тыныс алу қиындайды, сырылдар мен ысқырықтар пайда болады. Мұндай жағдайда дәрігердің шұғыл кеңесі қажет.

Бронхиттің диагностикасы

Бронхит диагнозын тек дәрігер қоя алады, ол үшін дәрігер науқастың анамнезін жинап, тексеру жүргізіп және қосымша зерттеу нәтижелеріне сүйенеді. Диагнозды нақтылау үшін тағайындалады:
  • жалпы қан талдауы;
  • биохимиялық қан талдауы;
  • фонендоскоп арқылы бронхтарды тыңдау;
  • кеуде қуысының рентгенографиясы;
  • қақырық талдауы;
  • спирометрия;
  • бронхоскопия

Сонымен қатар дәрігер анамнезді және аурудың ағымын ескере отырып, басқа зерттеулерді де тағайындауы мүмкін.
Дәрігерге қашан қаралу керек? Егер сізді жөтел мазаласа, қызу көтерілсе, кеуде қуысы ауырса, тыныс алу қиындап, әлсіздік болса. Өзіңізге-өзіңіз диагноз қоюға болмайды, өйткені бұл белгілер көптеген басқа инфекциялық және вирустық ауруларға да тән.

Бронхиттің басқа аурулардан айырмашылығы

Бронхит

Бронхитті пневмониядан, трахеиттен немесе ЖРВИ-ден өз бетінше ажырату қиын, себебі бұл аурулардың белгілері ұқсас. Ең қауіптісі пневмония, ол тікелей өкпені зақымдайды, трахеит кезінде кеңірдек қабынады, ал бронхитте қабыну бронхтарда орналасады.
Пневмония жиі өте тез дамиды, кейде ешбір айқын белгілерсіз өтеді. Оған тән ерекшеліктер – тыныс алудың қиындауы, ентігу, фонендоскоп арқылы тыңдағанда естілетін сырылдар. Сондай-ақ қандағы оттегінің мөлшері төмендеуі мүмкін. Үйде пульсоксиметр болса, осы көрсеткішті бақылап отыру керек, ал ол 94%-дан төмен түссе, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Пневмонияны рентген немесе өкпенің УДЗ көмегімен анықтайды.
Трахеитке құрғақ «ит үргендей» жөтел, кеңірдек тұсында ауырсыну тән. Уақыт өте келе құрғақ жөтел ылғалды жөтелге ауысады. Трахеитке көбіне кеуде тұсында ауырсыну немесе күйдіру сезімі қосылады. Оны анықтау үшін дәрігер тыңдау, тамақты тексеру, қан талдаулары сияқты әдістерді қолданады. Басқа диагноздарды жоққа шығару үшін рентген қажет болуы мүмкін.

Бронхитті емдеу

Жедел бронхитті емдеу үш бағытта жүргізіледі:
  • Инфекцияны жою. Антибиотиктер (бактериалық бронхит кезінде) мен вирусқа қарсы дәрілер (вирустық бронхит кезінде) тағайындалады.
  • Бронхтарды тазарту. Қақырықты сұйылтатын және шығаратын шәрбаттар беріледі. Сондай-ақ бронхоспазмды жоятын дәрілер қажет.
  • Бронх өткізгіштігін қалпына келтіру — арнайы массаж, физиотерапия және ингаляция көмегімен жүзеге асады.

Ем кезінде төсектік режимді сақтап, жылы сұйықтықты көп ішіп, ащы, ауыр тағамдардан бас тарту қажет. Сонымен қатар алкоголь мен темекіден бас тарту міндетті.
Созылмалы бронхит ше, ол қалай емделеді? Бұл ауру ұзақ уақыттық терапияны қажет етеді. Бронх кеңейткіш дәрілер, ингаляциялар, физиотерапия қолданылады. Асқыну кезінде антибиотиктер немесе қабынуға қарсы дәрілер тағайындалады. Тыныс алу гимнастикасы мен иммунитетті нығайту өте маңызды.
Көптеген науқастар созылмалы бронхитті қалай тезірек емдеуге болады деп сұрайды. Жауабы қарапайым: дәрігердің нұсқауларын қатаң сақтау, алғашқы жақсаруларда емді тоқтатпау, өмір салтын дұрыстау: дұрыс тамақтану, серуендеу, шынығу, үйдегі ауаның сапасын бақылау.

Бронхиттің алдын алу

Көбінесе бронхит біріншілік диагноз болып саналмайды, ол басқа аурулардың асқынуы ретінде дамиды. Бронхиттің алдын алу үшін:
  • ЖРВИ мен басқа ЛОР-ауруларын дер кезінде және толық емдеу;
  • Тұмауға және маусымдық инфекцияларға қарсы екпе алу;
  • Иммунитетті дәрумендер арқылы нығайту;
  • Темекі мен тыныс жолдарына зиян келтіретін әдеттерден бас тарту;
  • Уытты заттармен, химиямен, шаңды ортада жұмыс істегенде тыныс жолдарын респиратор арқылы қорғау.

Бронхиттің салдары

Бронхитті жеңіл ауру деп елемей қалуға болмайды, себебі ол қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Уақытында емделмесе, пневмонияға ауысады, ол тыныс алуды бұзады. Созылмалы бронхит тиісті терапиясыз бронхиалды астмаға өтуі мүмкін. Сондай-ақ асқынуларына гипертония, жүрек-өкпе жеткіліксіздігі және өкпенің эмфиземасы жатады.

Уақытылы диагностика мен тиімді дәрілерді қолдану науқастың тез сауығып, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді. Қазіргі фармацевтика қақырықты шығарып, мазалайтын жөтелден арылтатын заманауи дәрілерді ұсынады.

Қолданылған әдебиет тізімі: